ҚР БҒМ ҒК МЕМЛЕКЕТ ТАРИХЫ ИНСТИТУТЫ мен Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІ және АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ұйымдастыруымен ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ  25 ЖЫЛДЫҒЫНА арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІМІЗ»  атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Оған ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшылары, бас ғылыми қызметкерлері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетінің ғалымдары, тарихшылары, оқытушылары, докторантары, студент жастары, С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің гуманитарлық факультетінің ғалымдары, ҚазҒЗУ колледжінің оқытушылары,  Астана қаласының және республикадан мектеп мұғалімдері мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Республикалық шараның мақсаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы қол жеткен жетістіктерімізді саралай келе қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық келбетімізді сақтап қалудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін қарастыру, жас ұрпаққа ұлттық мұраларымызды насихаттау, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі қағидасы – «Ұлы Дала Елінің» тарихи, мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау болып табылады.
Дөңгелек үстелді Астана қаласы, №65 мектеп-гимназиясының директоры АльжановӘділбай Шораұлы алғы сөзбен ашса, Астана қаласы Білім басқармасының қоғамдық  пәндер бөлімінің әдіскері Әмірғалиева Дайра Кайнемқызы кіріспе сөзін сөйлеп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жеткен жетістіктерімізге тоқтала отырып, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлт тарихының маңыздылығын айтты.Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетінің оқытушысы, т.ғ.м.,  НАБИЕВ Саят Талғатұлы қонақтарды таныстырып, республикалық шараның маңыздылығын атап өтті.
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, академик ҚАЛИЕВ Жабай Нұрмақұлы дөңгелек үстелдің модераторы болды. С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің гуманитарлық факультетінің деканның орынбасары, т.ғ.к. Еңсенов Бауыржан Бердіқожаұлы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.м., Әдиет Қайыркен, ҚазҒЗУ колледжінің тарих пәні оқытушысы, гуманитарлық ғылымдарының академигі ЕлеусизовЕрбол Ибрагимұлы сынды ғалым, академик ағаларымыз «Ұлы Дала Елі» тақырыбында баяндамалар жасап, тәуелсіздікке қол жеткізген жиырма бес жылдық тарихымызда білім саласындағы қол жеткізген жетістіктеріміз бен толағай табыстарымызға тоқтала отырып, жас ұрпаққа ұлттық төл мәдениетіміз бен рухани бай мұраларымызды насихаттаудың осы заманғы маңыздылығын атап, осындай шаралар негізінде жас ұрпақ пен аға буын арасындағы сабақтастық орната алудың артықшылықтарын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты мен Астана қаласы Білім басқармасы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетімен бірлесе өткізген «Тәуелсіздік – басты тұғырымыз!» және «Ұлы Дала Еліміз» атты республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қазіргі заман жаһандану дәуірі екендігі сөзсіз. Жаһанданудың қауіпі ұлттығымызға төніп тұрған сын-қатерлер мен жас буынды азғындыққа салатын түрлі мәдени экспанциялар. Сонымен қатар ғаламданудың зор пайдасы ол – батыстан еніп жатқан осы заманғы инновациялық ең озық технологиялар екендігі сөзсіз. Міне, осындай алмағайып заманды Қазақ елі алдына – «Мәңгілік Ел» болуды мақсат санап, Елбасымыз ұлттық идея ретінде «Мәңгілік Ел» идеясын жариялады.  
Сондықтан да қазіргі Қазақ елінің басты мақсаты – ұлттық мұраларымызды жас буынның бойына сіңіріп, сол негізде ұрпақ тәрбиелесек қана өз тәуелсіздігімізді баянды ете алмақпыз. Сонда ғана Ұлы Дала Елі деген атқа ие болып, Мәңгілік Ел атана аламыз, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, мәртебесі биік болмақ!

Ә. Сатылғанов Астана қаласы, №65 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі, тарих ғылымдарының магистрі, республикалық жас тарихшылар қауымдастығының мүшесі